Басты жаңалықтарМәдениет

Ревизор келе жатыр!..

Театр

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Н.Гогольдің классикаға айналған «Ревизор» спектаклінің (аударған М.Әуезов) премьерасы өтті. Қоғамдағы келеңсіздіктерді әжуалайтын қойылым көрермен қауымды әртүрлі ойға жетелейді…

Театрдың қазақ труппасы сахналаған спектакльдің қоюшы режиссері — алматылық Жұлдызбек Жұманбай. Тағы бір жаңалық деп орталық қалалардан келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Әбділманов (дуанбасы  Антон Антонович) пен Айгүл Иманбаева (оның зайыбы Анна Андреевна) сынды танымал артистердің басты рөлдерді ойнауын айтуға болады. Театр басшылығы сол арқылы осындағы актерлердің шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуды көздепті.

«Ревизордың» қысқаша мазмұнына тоқталсақ, аты айтып тұрғандай, белгілі бір мекемені немесе сондағы қызметкерлерді тексеретін маманның айналасындағы түрлі жағдайлар жөнінде сыр шертеді. Шағын қалада оны күткен шенеуніктер білместікпен басқа адамды ревизор деп қабылдап, асты-үстіне түсіп, қым-қиғаш әрекеттер жасайды. Адам бойындағы көзбояушылық, жағымпаздық, парақорлық сияқты жағымсыз қасиеттерді көрсететін актерлер, осылайша, сонау 1836 жылы жазылған пьесаның өміршеңдігін кезекті рет дәлелдегендей болды. Тіршілік болған соң оның көлеңкелі тұстары да ұшырасады… Әлеуметтік-саяси комедияның өзегі сол.

Ақтөбеде бұрын-соңды қойылмаған спектакльдің қоюшы режиссері Жұлдызбек Жұманбай, әсіресе, театрсүйер қауымға жақсы таныс. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек ететін оның пікірін білген едік.

Бұл — театрдың басшылығының ұсынысымен қойылған спектакль. Жемқорлықты, «алтын көрсе періштенің жолдан таятынын» арқау еткен туынды. Қанша жылдан бері сахналанып келе жатса да, сонысымен өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Гоголь бұл шығармасы арқылы адам бойындағы түрлі мінездердің мәңгілікке қалатынын, оның қай жерде де болатынын ұғындырып кетті.

Бұған дайындық 13 қаңтар күні басталды. Сол уақыттан бері қызу жұмысқа кірісіп, барымызды салдық. Нәтижесін өзіңіз көріп отырсыз. Ешбір актерді бір-бірінен бөліп-жара алмаймын, бәрі де өзіне жүктелген міндетті талапқа сай атқарып шықты. Және мұндағылардың орталықтағылардан анау айтқандай ерекшелігі бар деуге келмес. Труппаның сахнадағы ойынының тазалығы, шығармашылыққа деген махаббаты, жалпы жұмысқа деген құлшынысы айтуға тұрарлық. 

Менің ойымша, бұл тәжірибе алмасудың екі тарапқа да пайдасы зор. Жұмыс тәсілімізді көріп, актерлердің ойнау техникасымен танысу үлкен бастамаларға жол ашады дегенге сенімім кәміл, — дейді Жұлдызбек Айтқалиұлы.

Бас-аяғы 14 кейіпкер қамтылған спектакльдің Ахтанов атындағы театрдың тынысына игі әсер ететініне дау жоқ. Жаңа леп ұзағынан сүйіндіргей!

Айгүл ИМАНБАЕВА:

МҰНДАҒЫ КӨРЕРМЕННІҢ ҚАБЫЛДАУЫ БАСҚА…

«Ревизор» спектаклінде басты рөлдің бірін ойнаған әнші-актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаева екеуара әңгіме барысында ақтөбелік көрерменнен алған әсерін, бүгінгі театр ахуалы мен шығармашылық жоспарлары жөнінде айтып берді.

 — Астана мен Алматыдағы талай спектакльде ойнап жүрсіз. Ал аймақтарда мұндай тәжірибе болды ма?

— Бұған дейін Жамбыл облыстық драма театрында режиссер Қуандық Қасымовтың шақыртуымен «Сыған серенадасы» қойылымына атсалысқанмын. Аталған спектакльде Изольданың рөлін ойнадым. Кейін Ақтаудағы театрдан да осындай ұсыныс түсті, бірақ бара алмадым. Ақтөбедегі Ахтанов театры — менің облыстардағы екінші тәжірибем.

Ақтөбеге келуге қуана келістім. Біріншіден, бұл — тәжірибе алмасу. Әрі актриса ретінде өзіңді шыңдау деп білемін. Сосын өнердегі ініміз, осы театрдың жаңадан тағайындалған директоры Нұрхан Кәдірбаев қолқа салған соң, қолдау көрсетейін деп шештім. Спектакльдің режиссері Жұлдызбек те достарымның бірі.

Мұндағы көрерменнің қабылдауы, ықыласы басқа. Қанша айтқанмен, өзге  қаладағы әсер бөлек болады екен. Актерлер да жаңалыққа жаны құштар, үйренуге бейім.

— Сан қырлы шығармашылығыңызды айтпағанда, былтырдан бері Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жасақталған курсыңыз, яғни тобыңыз бар. Ондағы қауырт қызметіңізді қиып кеткеніңізге қарағанда, бұл алдын ала келісілген шаруа болды ғой?

— Өзім де осында келгелі барлығына студенттерімді сағындым деп айтып жүрмін. 15 күннен бері Ақтөбе қаласындамын. Бірақ, елордада балалардың екінші оқытушысы, кураторы бар. Олар жоғымды білдірмейді. Шәкірттеріме тапсырмалар да беріп кеттім. Жалпы, оқудың барысын телефон арқылы естіп-біліп отырмын.

Сан қырлысың деп жатырсың ғой, айналып келгенде оның бәрі — бір өнер. Ал оны кейінгі ұрпаққа аманаттап, көрген-білгеніңмен бөлісу өнер адамдарының міндеті деп есептеймін. Осыдан барып, жоғарыда айтқан мақсаттарымды басшылыққа алып, Ақтөбеге келіп қалғаным бар.

— Осы орайда «А.И.» жеке театрыңыздың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтсаңыз. Біздің өңірге гастрольдік сапармен жол түсіп тұр дегенді естідік…

— Иә, сәуір айында еліміздің Батыс бөлігін аралауды жоспарлап отырмыз. Ақтөбе, Ақтау, Атырау қалаларында спектакльдерімізді сахналамақпыз. Ал Орал қаласына шығармашылық кешіммен бармақ ойым бар.

Жалпы, ондағы 20 адамдық ұжымымда жұмыс қызу жүріп жатыр. Оның үстіне, бір жүлденің «дәмін татқан» адамдар тоқтамайды екен (күліп). Біз Еуропа, Ресейдің театр фестивальдеріне қатысып, бас жүлдені алдық. Қазірде не ұйымдастырылса да, қатысқымыз келіп, белсеніп тұрамыз. Мәселен, алдағы наурыз айында  Ресейдің Челябі облысына жол жүргелі отырмыз. Тағы бір театр фестивалінде бабымыз бен бағымызды сынап көрмекпіз…

Театр құрылғалы 6 жылда репертуарымыз біраз молайып қалды. «Медея», «Махаббат аралы», «Ханшаның көз жасы», «Темірқатын», «Актриса» қойылымдарын жұртшылық назарына ұсындық. Болашақта Азамат Сатыбалдының жеке театрымен ортақ бір дүниені жарыққа шығару жоспарда бар. Әріптесім Тұрсынбек Қабатовпен де бірігіп өнер көрсету алдағы жоба-жоспарға енді.

— Мемлекеттен қолдау бар ма?

— Әзірге жоқ. Десе де, жеке театрымның жұмысына белгілі бір деңгейде бақылау бар деп айта аламын. Өткенде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Наушақызының өзі келіп, қазіргі жай-күйімізбен танысты. Кезекті маусымымыздың ашылуына қатысты.

Меніңше, нағыз еңбек ететін адамға түбінде бір шарапат болады. Сондықтан болашақта сіз айтқан қолдаудың болатынына үмітім зор. Әзірге өзіміздің қаражатымызға жан-жаққа барып-келіп жүрміз.

— Ал үлкен экранда кімді сомдауды армандайсыз?

— Әр актриса кинода Томиристі ойнағысы келеді ғой. Мен де солардың бірімін. Жалпы, тарихи кинода ойнасам деген тілегім бар.

 «АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Данияр Базарқұлов 1981 жылдың 16 қарашасында Алматы қаласында дүниеге келген. 2002 жылы сол кездегі Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын музыкалық драма театрының актері мамандығы бойынша бітірді. 2002-2010 жылдары Батыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театрында актер болып еңбек етті. 2010 жылдан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істейді. Көптеген кино, телехикаяларға түскен.

2009 жылы Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық театр фестивалінің лауреаты, 2010 жылы Халықаралық Орта Азия елдері театрлар фестивалінде «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясының иегері болды.

Данияр БАЗАРҚҰЛОВ:

БҰЛ — КӨРЕРМЕНГЕ ОЙ САЛАТЫН СПЕКТАКЛЬ

Бүгін, яғни 15 ақпан күні Ахтанов атындағы театрда тағы бір премьера. Георгий Хугаевтың «Черная бурка» спектаклін Алматыдан арнайы келген талантты актер әрі режиссер, Халықаралық фестивальдердің лауреаты  Данияр Базарқұлов қояды. Біз Ақтөбедегі өнер мерекесі қарсаңында оны аз-кем әңгімеге тартқан едік.

— Бұл спектакльдің қазақша нұсқасы «Қара шекпен» деген атаумен бірер жылда Алматыда сахналанған еді. Ал орыс тіліндегі аталған қойылым Қазақстанда алғаш рет ұсынылғалы отыр.  Өзіне тән өзгерістері бар, формасы да басқа.

Қойылымда адам бойындағы барлық қасиеттерді көруге болады. Басты идея — біздердің, адамдардың қандай деңгейде қатыгез, мейірімсіз болып кеткенімізді көрсету.

— Ақтөбеге келудегі басты мақсатыңыз?

— Осындағы театр директоры хабарласып, «Черная бурканы» қойсаң…» деген сұранысын білдірді. Бірақ, мен бұл ұсынысқа бірден келісе қоймадым. Өйткені өзімнің көптен бері ойластырып жүрген басқа спектаклім бар еді. Бірақ бұл спектакль Ақтөбеде осыдан он жыл бұрын қойылған екен… Содан кейін кезінде өзім басты рөлді сомдаған осынау туындыны қоямыз деген ортақ шешімге тоқтадық. Бір жағынан, осындағылар бұл көрерменге ұнайтынын жеткізді.

Жалпы, режиссер ретінде өзге өңірге бірінші рет шығып тұрмын.

— «Сырт көз — сыншы». Орталық пен мұндағы театрдың айырмашылығы қандай екен?

— Облыстық театрдағылар аяғын бәсең басады екен… Сосын жалқаулық бар. Бұрын, негізі, олай болмаған.

Өзім біраз жыл Орал қаласындағы театрда жұмыс істедім. Сонда байқағаным, керісінше, өңірлердегі театрдың жұмыс қарқыны ерекше-тін, тоқтамайтын. Кемшілік демей-ақ қояйын, өңірлерде репертуар жағы әлсіз, таңдаулы емес. Жақсы режиссерлер керек.

— Режиссер мен актерлердің бізге келуі — жаңа тандем не береді деп ойлайсыз?

— Маған ең алдымен тәжірибе береді. Шындап келгенде, мендей қазақ театрында жұмыс істейтін адамға орыс труппасында спектакль қою өте қиын. Олардың болмысы, таным-түсінігі басқа. Сондықтан осында келе жатқанда қатты қаймыққанымды жасырмаймын. Қобалжу болды…

— Бурка тау халықтарының сырт киімі екен. Спектакльге оның қандай қатысы бар?

— Ешқандай. Бұл — символика. Біз басты кейіпкер — Тұзар төбеттің адамға деген адалдығын осы символикалық мән арқылы жеткізуге тырыстық. Нақты не болатынын, оқиғаның қалай өрбитінін көрермен қауым театрға келгенде біле жатар… Бір айтарым, бұл адамға ой салатын қойылым. Әйтпесе, біздің мақсат — көрерменді күлдіру, болмаса жылату емес…

P.S. Сонымен, философиялық ойы басым, адами құндылықтарды ту еткен спектакльдің премьерасынан қалып қоймайық, көрермен!

 

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button